← Back to list

Жолаушы дерті

Вокзал. Түңгі сағат он бір. Қызмет көрсететін халық саны мен аумағы «бірінші» сыңарынан кішірек «Алматы-2» вокзалы. Алдағы аптада түсетін…

Alikhan Turakhan · 2026-03-15 08:40 · 0 claps · 1.2 min read
#travel #kazakh #kazakhstan #talking #trains
Open on Medium ↗
Wiki topics: ✈️ · Travel

Жолаушы дерті

Вокзал. Түңгі сағат он бір. Қызмет көрсететін халық саны мен аумағы «бірінші» сыңарынан кішірек «Алматы-2» вокзалы. Алдағы аптада түсетін аяздың ызғары байқалып, мойнымдағы шарфты жүзіме жоғарырақ көтердім.

Соңғы кездері өзіме ұнай бермейтін Кеңестік архитектурадағы вокзалға кіріп, «ресмилік» үшін қойылған жүк тексерісінен асығыс өттім. Вокзалдың темір жолдарға апарар шығуы мен платформа арасында кідіріп, сапарлас-досым Нұрекені күтіп, пойызға бірге кіруді жөн көрдім.

Нұрекең келді. Алматы-Маңғыстау бағыттағы пойыз. Біздің аялдама — Түркістан. Жолсеріктен вагонымызды сұрастырып, орнымызды таптық.

Пойызға көптен бері отырмаған және купеге бірінші рет мінген маған, бастапқыда кей заттар қызық болды. Сәл күш салып ашылатын «дорожка» есіктің артында — тар, жарығы нашар бөлме. Үстел және үйреншікті плацкарт төсектерінен де тарлау келген, қос қабатты жатын орындар. Ішкі беті бой айнамен көмкерілген есік жабылғанда, кішігірім жеке кеңістек пайда болатыны көңілімнен шықты. Купеде екеуімізден бөлек орта жастағы әйел өз орнында отыр.

Тар кеңістікте жүк пен жатын орнымызды реттедік. Эл-классиконың бірінші таймын тамашалап, екіншісіне келгенде байланыс нашарлап, демалуға жайғастық.

Таңғы бесте купе есігінің ашылған дыбысынан ояндым. Жаңағы әйел Шудан түсіп жатыр екен. Қайта ұйқыға баттым.

Таңертең тұрып, досымды оятып алмайын деп, үстіңгі қабат төсектен сәл ебедейсіз қимылмен түстім. Беті-қолымды жуып келсем, Нұрекең ояу, терезеге назар салып отыр. Түрінен ұйқысы қанбағаны анық көрініп тұрған еді. Ақыры тұрған соң, таңғы ас ішетін болдық.

Үйдегілер салып жіберген суыған самса мен пеште пісірілген тауық қанаттарының артынан су ішіп, күнделікті тіршілік жайлы әңгіме құрып отырдық. Сөз барысында, осындай ұзақ сапарда адам ашылып, оны жақсы тануға болатыны есіме түсті. Бірақ сол процестің қалай жүретінін, сұхбаттасушы қалайша ішкі жан дүниесін ашып бере салатынына ақылым жетпеді.

Досым екеуіміздің «средний класс» әңгімеміз таусылып, үнсіздік орнады. Ойға батып, терезеге қарап отырмыз. Пойыз Жамбыл облысы, Меркіден асты. Қаңтар ортасы болғанына қарамастан, қардың беті көрінбеген, алайда, аяздың әсерінен сұр түске енген жазық дала мен көкжиектегі Меркінің асқар таулары. Бұл көріністі аса мән бермей тамашаласаң, бейне бір қозғалыссыз, бір орында тұрғандай сезіледі.

Нұрекең басын маған бұрып, бір сәт кідіріп, сұрады:

⁃ Бұл ортаға қалай түскенімді білесің бе?

Жалғасы бар…


메타데이터
post_id
db1e0fc8f6f1
slug
жолаушы-дерті-db1e0fc8f6f1
url
https://medium.com/@alikhan.turakhan/%D0%B6%D0%BE%D0%BB%D0%B0%D1%83%D1%88%D1%8B-%D0%B4%D0%B5%D1%80%D1%82%D1%96-db1e0fc8f6f1
canonical_url
https://medium.com/@alikhan.turakhan/%D0%B6%D0%BE%D0%BB%D0%B0%D1%83%D1%88%D1%8B-%D0%B4%D0%B5%D1%80%D1%82%D1%96-db1e0fc8f6f1
author_url
https://medium.com/@alikhan.turakhan
status
ok
fetched_at
2026-07-11 23:42:18